Адамзаттың Абайы
«АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ»
10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, философ, композитор әрі аудармашы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай және ақынның мол әдеби-рухани мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында №2 балалар кітапханасында «Адамзаттың Абайы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, әдеби шолу өткізілді.
Кітап көрмесіне Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер, ақынның өлеңдері мен қара сөздері, аудармалары, философиялық ой-толғамдары, сондай-ақ Абай мұрасын зерттеген ғалымдар мен абайтанушылардың еңбектері қойылды.
Әдеби шолу барысында оқырмандарға Абайдың қазақ әдебиеті мен ұлттық ой-санаға қосқан үлесі, шығармаларының тәрбиелік және танымдық мәні туралы кеңінен ақпарат берілді. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» секілді өлеңдері мен қара сөздеріндегі адамгершілік, білім, ғылым, еңбек, талап туралы тағылымды ойларына назар аударылды.
Сонымен қатар Абай шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы, ақын мұрасының уақыт өткен сайын жаңғырып, адамзаттық құндылық ретінде бағаланып келе жатқаны сөз болды. Кітап көрмесі арқылы жас оқырмандарды Абай шығармаларын оқуға, ақынның терең ойларын түсінуге және рухани мұрасын қадірлеуге шақырылды.
«Адамзаттың Абайы» атты кітап көрмесі ұлы ақынның шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстырып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталды.







