Шәрбат құйдым өлең – жыр кесесіне...
2021 жылдың 22 қаңтары күні Қалалық кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада Сырдың сыршыл, арқалы ақыны Елубай Әуезовтің «Шәрбат құйдым өлең – жыр кесесіне...» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті.
Кешті Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық әдеби – мәдени, тарихи – танымдық «Әлімсақ» журналының бас редакторы Н. Көбегенұлы жүргізді. Кеш барысында ақынның журналистика саласындағы өзіндік қолтаңбасы, ақындық болмысы, өзгелерден ерекшелеп тұратын адами болмысы жөнінде келген қонақтарымыз ойларымен бөлісті. Кеште ақынның өлеңдері және ақынға арнау өлеңдер оқылып, оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылды. Өз кезегінде жаны ақындық қасиетке, әдебиетке деген құмарлық пен сүйіспеншілікке толы Елубай Әуезов өзінің сырлы сезімге толы бірнеше өлеңдерін оқып, сауалдарға жауап берді.
Ақынның шығармашылығына арналған «Поэзия – менің өмірім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, бейнебаян көрсетілді. Кездесу кешін қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Г. Рахметова қорытындылап, ақынға рухани азық алатын әсерлі кеш үшін зор алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады.
Шара соңында ақын кездесу кешіне қатысқан қонақтарға ыстық лебізін білдіріп, шығармашылығындағы кітаптарын шара қонақтарына табыс етті.







