Өмірін өлеңменен өрнектеген
№4 кітапханада «Қаламгер сағаты» жобасы аясында Қазақстанның Құрметті журналисі, Облыстық «Сыр бойы» газетінің ардагері, жырынан шуақ төгілген Рысты Бекбергенованың шығармашылығына арналған «Өмірін өлеңменен өрнектеген» атты әдеби оқу өткізілді. Нәзік жандының бүтін бір сезімін өлең тілімен жеткізе білген, өз дәуірінде журналистика саласында ер жігіттермен иық тіресіп, қаламын қару етіп жазған жырлары көпшіліктің жүрегінен жол тапқан, шығармашылығында өзінің өткір өлеңдерімен қолтаңбасын қалдырған Рысты Бекбергенованың өнегелі өмірі көпке үлгі. Шара барысында ақын Рысты Бекбергенова өмір жолын, шығармашылығын оқырмандарға әңгімелеп беріп, қаламының ұшымен көңіл сырын ақ қағазға түсірген жырларын шабыттана оқыды. Кітапхананың белсенді оқырмандары да ақынның өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақын шығармалары насихатталды.







