Қазақ айтысының ақтаңгері
Қазақ айтысының ақтаңгері
Байырғы бабалардың ізіндей, қазақтың айтыс өнерінің бар құдіретін бойына сіңірген, шашасына шаң жұқтырмас дарабоздай дара келген Мұхтар Ниязов - Сыр елінің ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның белді ақыны, айтыстың ақтаңгері, жыр дүлділі үш дүркін «Алтын домбыра иегері».«Алтын домбыра» айтысында үшінші мәрте үздік шыққан ақтаңгер бұған дейін 2012 және 2016 жылдары топ жарып, кіл жүйрікте шын жүйрік екенін дәлелдеген болатын.
Айтулы аламанда аймақ абыройын асырып, Алтын домбыраны Сыр еліне әкеліп, өнердің ордасы екенімізді, Сырдың елі , жырдың елі екенін тағы бір дәлелдеді.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен айтыскер ақынмен «Қазақ айтысының ақтаңгері» атты кездесу кеші өткізілді. Кездесу кешіне ақынның ұстазы, Сыр елінің айтыскер ақыны, Облыстың құрметті азаматы Серік Ыдырысов, айтыскер ақын, ұстаз, А. Тоқмағамбетов мәдениет үйі жанындағы жас айтыскерлер дайындайтын «Қауырсын» үйрімесінің жетекшісі Мамыр Байдаулетов, айтыскер ақын, М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Нурмат Мансұров, айтыскер ақын №3 мектеп лицейінің ұстазы Ержеңіс Әбдиевтер қатысып, жылы лебіздерін, ақынның айтыс өнеріндегі жетістіктері мен сөз тапқырлық ерекшеліктері туралы айтты.
Қызылорда Қорқыт ата атындағы университетінің студенті Жамбыл Бақытәліұлы өзінің арнау өленімен шараның бетешарын жасап, жас айтыскерлер өнер көрсетті. Қаламыздағы педагогикалық колледж студенттері жас ақындар жырдан арнау оқып, жас өнерпаздар өнер кешін күмбірлеген күймен өрнектеді.
Айтыскер ақынымыз үш дүркін «Алтын домбыра» иесі Мұхтар Ниязов жастарға ұлағатты, өнегелі әңгімесін айтып, олардың көкейіндегі көптеген қызықты сұрақтарға тұщымды жауап берді.
Өнерде де өмірде де айтыстың туын желбірете беріңіз, шағармашылық шабытыңыз шарықтай берсін деген ізгі тілекпен, ақын Серік Ыдырысовтың жастарға деген ақ батасымен кездесу кеші қорытыланды.










