Ислам және өркениет
№1 кітапханада « Ислам және өркениет» тақырыбында дін өкілдерімен жастардың кездесу кеші өткізілді. Кездесуге Тасбөгет кентіндегі «Құддыс Ишан» мешітінің бас имамы - Садықов Жеңіс Нұрланұлы, Тасбөгет кенті ардагерлер ұйымының орынбасары – Тобақабылов Олжабай Жүсіпұлы және Кент ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты. Басқосуда асыл дініміздің қазіргі жағдайы, ел ішіне іріткі салып жүрген жат пиғылды ағымдар, ішкі тұрақтылық пен келісім және тағы басқа өзекті мәселелер сөз болды. Алғаш болып сөз алған «Құддыс Ишан» мешітінің бас имамы –Жеңіс Нұрланұлы, сабырлылық пен момындық қазақпен біте қайнасып кеткенін, сондай-ақ, халқымыз қандай жағдай болмасын Алланы ұмытпағандығын айта келе, қазіргі жетістігіміздің өзі төзім мен толеранттылыққа тікелей байланысты екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз алған «Құддыс Ишан» мешітінің ұстазы – Әбілхан Оралбек діни радикализм, фитнаның алдын-алу жөнінде насихат айтып, бүгінгі ислам атын жамылған секталар жөнінде кеңінен түсіндіріп берді. Өзге де сөз алған қонақтардың пікірлері әсерлі, ғибратқа толы болды. Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, студент жастар көкейлерінде жүрген сауалдар мен күрмеуі қиын мәселелердің шешімін тапты.







