Білімнің жаққан шырағын
«Білімнің жаққан шырағын» атты қалалық байқау
Егемендік еліміздің болашағы - жас ұрпақты азаматтық пен адалдыққа, отансүйгіштік пен мейрімділік рухында тәрбиелеуде кітаптың алар орны ерекше.
Балалар кітабы Халықаралық кеңесінің шешімімен 1967 жылдан бастап балалардың сүйікті жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күні, яғни 2 сәуір- Халықаралық балалар кітабы күні деп белгіленіп, жыл сайын керемет мерекені атап өту дәстүрге айналып отыр.
Шығармалары тәрбиенің қайнар көзі болған, қазақ арасынан шыққан алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай және ғибратты өлеңдері мен әңгімелерін насихаттау мақсатында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Білімнің жаққан шырағын» атты қалалық байқау мектеп оқушылары арасында өткізілді.
Байқауға «Петро Қазақстан Кумкол Рессорсиз акционерлік қоғамы» демеушілік жасап, «ПетроҚазақстан» Құмкөл Рессорсиз АҚ-ның менеджері Ақтолқын Сұлтанова, «Қоғам ТВ» бас редакторы Баян Құлтанова, Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинқызы төрелік жасады. Шараны , Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинқызы құттықтау сөзбен ашты.
Ыбырай Алтынсарин – ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де өзі өмір сүрген заманы мен өмірінде қазақ балаларына “Кел, балалар, оқылық” деп жар салудан тынбаған, сол арқылы қазақ балаларының надандық қамытын киюіне жол бермеген бірден-бір тұлға. Оның осы қанатты сөздері әлі де өз күшін жойған емес. Ыбырай Алтынсарин шығармашылығын пайымдап көрсететін 1 кезеңінде сайысқа қатысушы оқушылар ақынның «Өзен» , «Балғожа бидің баласына жазған хаты», «Жаз», «Қайрымды түлкі», «Ананың баланы сүю», «Өсиет өлеңдер» шығармаларын мәнерлеп оқып берді.
Ал екінші кезеңінде Ы. Алтынсаринның «Әке мен бала», «Жаман жолдас» , «Таза бұлақ» , «Баланың айласы» , «Екі дос», «Бақша ағаштары» атты әңгімелерінен сахналық көрініс көрсетілді.
Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармашылығына арналған «Ыбырайдың атасы кім болған?», «Ыбырай мектебі қай жылы және қай жерде ашылған?», т.б. көрермендерге сұрақтар қойылып, ұтымды да нақта жауап бергендерге сыйлықтар берілді.
Нәтежесінде №212 мектеп-гимназия үздік деп танылып 1 орынды, №222 орта мектеп 2-ші орынды, №264 мектеп-лицейі 3-ші орынды иеленді.
Бұл шара бүкіл өмірін қазақ балаларын оқытуға арнаған , Ыбырай Алтынсариннің әдеби туындылары балалар дүниесіне өте жақын екендігін көрсетті.







