«Батқан күннің бояуы» повесі
№20 кітапханада қазақтың көрнекті жазушысы Әлібек Асқаровтың 70 жылдық мерейтойына орай қаламгердің «Батқан күннің бояуы» повесі бойынша кітап талдауы өтті. Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Әлібек Асқаровтың – есімі бүгінде оқырман қауымға кеңінен таныс. Ол «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Құтмекен», «Тайга толғауы», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Батқан күннің бояуы», «Туған жерге туыңды тік», «Қиғаш хикаясы», «Родники рождаются в горах», «Скрип соленого сердца», «Стон дикой долины», «И смех, и слезы, и любовь» және т.б. кітаптардың авторы.
Жазушы шығармашылығының биік белесі қалың оқырман жүрегінен жол тапқан, кешегі кеңестік кезеңнің қилы оқиғаларын арқау еткен «Батқан күннің бояуы» атты повесі. Шығармада кеңестік заманның жақсылы-жаманды барша шындығы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен мақсат-мұраты тұрғысынан баяндалады. Келмеске кеткен қоғамның кезінде көзден тасада ұсталған қалтарысты тұстары, саясаты жазушының астарлы баяндауы мен суреткерге тән сезімтал түйсігінің ауанымен жеткізіледі. Шара барысында кітапхана оқырмандары шығарма желісі бойынша өз ойларын ортаға салып, шығармадан алған әсерлерімен бөлісті.







