Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы
№6 кітапхананың ұйымдастыруымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Парасат жолы» жобасы аясында «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты тақырыптық кеш өтті. Іс-шараға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы, «Ақмешіт» колледжінің оқытушысы Гүлнар Жаркенова және аталмыш оқу орнының кітапханашылары мен студенттері қатысты. Іс-шара барысында кеш қонағы, сол кездегі Алматыдағы оқу орындарының бірінің студенті, небәрі 17 жаста болған Г. Жаркенова 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – еліміздің тәуелсіз ел атануының бастауында тұрған ұлы оқиға екенін және қазақ жастарының қайталанбас ерліктерін атап өтіп, Желтоқсан оқиғасындағы көзімен көргендерін әсерлі баяндап берді. Жастарды Тәуелсіздіктің қадірін біліп, сапалы білім, саналы тәрбие алып, өз елінің патриоты болуға шақырды. Сонымен қатар, жуырда ғана ҚР Үкіметінің қаулысымен «Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы» деген куәлікке ие болғанын жеткізді. «Ақмешіт» колледжінің студенттері Б. Әмірәлі, С. Әлқуатов, А. Шадаева, С. Меңлібаева, А. Ермекова, А. Баттай қазақ ақындарының Тәуелсіздік жайлы жазған патриоттық өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бейнебаян көрсетіліп, кітапхана қызметкері Г. Залиева «Тәуелсіз ел – Мәңгілік ел» атты екі бөлімнен жасақталған, кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Кеш соңында іс-шараға белсенді атсалысқан оқырмандар ОКЖ директоры Г. Ш. Рахметованың Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шараның мақсаты – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ата-бабаларымыздың Тәуелсіздік жолындағы ерлігін, Тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің қаһармандығын насихаттау, еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру, еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау.







