Ұлы Отан Соғыс ардагері
А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана қызметкерлері мен «Жас Отан» Жастар Қанатының белсенді мүшелері елімізді жаудан қорғап, ел мен халықтың игілігіне адал еңбек еткен Ұлы Отан Соғысы ардагері Мақсұт Сырғалиев үйінде болып, ардагер атаның патриоттық жоғары рухты әңгімелерін, ерлік жолдарын тыңдады. Кездесу кеші Ұлы Отан соғысында құрбан болған ардагерлерді, яғни атамыздың майдандас достарын еске алу мақсатындағы 1 минут үнсіздіктен басталды.
Мақсұт Сырғалиев 1943 жылы Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1944 жылы Батыс Еуропаға соғысқа жіберіледі. 1945 жылы Жапонияның Манчжурия қаласының шекарасына жіберіліп, Харвин, Хайлар қалаларын жаулардан азат етуге қатысады. Нәтижесінде жапондарды тізе бүктіріп, елге 1948 жылы аман-есен оралу бақыты бұйырады. Оның ерлігі еленіп, бірнеше медальдармен наградталған. Кеш соңында батыр ата жастарға ақ батасын беріп, бақыттың қадірін біле біліңдер деген тілек айтты.










