Мұқағали – мәңгілік ғұмыр
Ақпан айы – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген айы. Отты жырларымен, ойлы да сырлы өлеңдерімен халқының қадір-қасиетін айта алған мұзбалақ ақын, тума таланттың өмірден өткеніне жарты ғасырға жуық уақыт болса да, оның жырлары барша қазақтың жүрегінде берік орныққан. Осы орайда №6 кітапхана облыстық «Ардагерлер үйімен» бірлесіп «Парасат жолы» жобасы аясында «Ақынмын деп мен қалай айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым... Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіңе қайтарамын...» - деп жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың көпшіліктің махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-жыр кешін ұйымдастырды.
Мақсаты: бір күндік сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында ұланғайыр мұра қалдырған жыр дүлдүлі, қазақтың ғасыр ақыны атанған М.Мақатаев шығармаларын ұрпақтан - ұрпаққа кеңінен насихаттау, оқырманның поэзияға деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін ұғындыру.
Іс-шараға «Ардагерлер үйінің» демалушылары қатысты. Іс-шара барысында өмірге іңкәр, өмірді жырлап өткен сыршыл да сезімтал ақын туралы сыр шертіліп, Қорқыт ата университетінің студенттері Н.Әбдіраш, І.Тілектес, Н.Әли, А.Әлиев ақынның «Әке сөзі», «Санаулы менің сағатым», «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!», «Ақынға» және т.б. жырларын жатқа оқып, «Мен ХХІ ғасыр құрдасымын» атты Мұқағали өмірінен көрініс көрсетті. Ардагерлер үйінің мәдени қызметкерлері А. Қашақбаев, А. Үсенов ақынның сөзіне жазылған композитор Г.Дәукенованың «Сағым жылдар», Е.Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың», Ш.Сүлейменовтың «Қайран жеңгем» және т.б. әндерін орындады. Кеш соңында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ жырының алдаспаны» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.







