Жаңа ғасыр жырлайды
Қалалық орталықтындырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №20 кітапхана өлкеміздің өзімізге белгілі жас қаламгерлерін таныстыру мақсатында «Жаңа ғасыр жырлайды» атты поэзия кешін өткізді. Республика көлемінде дәстүрлі түрде «Жас толқын» сериясымен жас ақындарымыздың кітабы жарық көріп келеді. Осы топтама бойынша Сыр елінің бірнеше ақындарының кітаптары жарық көрген болатын.
Шараны Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинқызы кіріспе сөзбен ашып, арнайы бейнебаян көрсетілді.
«Жас толқын» жас оқырмандар арасында ғана серпіліс туғызып қойған жоқ, әдебиеттің биігінде жүрген аға буын қаламгердің кейінге көз жүгіртіп әдебиеттің соқпағында жаңа қатардың сап түзеп келе жатқандығына көздерін жеткізе түскендей болды. Мұның өзі әдебиетте жаңа буын мен жас толқын арасындағы алтын көпір салып бергенмен пара- пар деуге негіз бар. Кешке Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын Ғазиза Әбділда қатысып жас қаламгерлерге сәттілік тілеп, өз шығармашылығынан жыр оқыды.
Жаңа ғасырдың жас ақындары Мөлдір Айтбай, Сайлау Айдар, Өмірзақ Дидар, сонымен бірге Бексұлтан Санақұл, Назерке Мантай, Ұлықпан Жолдас Досбол Гүлсая, Нағашыбек Айсанат сынды т.б ақындарымыз поэзия әлемінде жаңадан серпіліс жасап келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз.
Кеш барысында жас ақындар Мөлдір Айтбай, «Ұстаз мәртебесі» Республикалық қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік газетінің жауапты хатшысы Сайлау Айдар, жас ақындар өздерінің шығармашылықтарынан жырларын оқыды.
Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжі студенттері Орынбасарқызы Айнұр, Қонысбаева Альбина жыр кешін әсем әнмен өрнектеді.
«Жас толқын» сериясымен жарық көрген ақындарымыздың өлеңдерін №1 мектеп гимназиясының, Абай атындағы №2 дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары мәнерлеп жатқа оқыды.
Қасиетті қара сөздің қадірімен, дана халқымыздың ақындық өнерін жандарыңызға жалау етіп, дүйім елдің құрметіне бөленіп, Қазақ поэзиясының алыптары салған сара жолы, жас ұрпақпен жалғасқан салтанатты сапары үзілмесін, қаламдарыңыз ұштала берсін шығармашылық табыс тілейміз деген игі тілекпен жыр кеші қорытындыланды.







