Қарымды қаламгер әлемі
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхана «Қаламгер сағаты» жобасы аясында Сыр елінің тумасы, жазушы М. Қаназдың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау арқылы өскелең ұрпақты адамгершілікке, елжандылыққа, бауырмалдылыққа, кітап оқып, өз ойын еркін жеткізуге тәрбиелеу мақсатында «Қарымды қаламгер әлемі» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Іс-шараға К. Қаракөзов атындағы №235 мектептің 9 сынып оқушылары, ұстаздары мен мектеп кітапханашылары қатысты. Іс-шара барысында жазушы М. Қаназдың шығармашылығы, Сыр бойы шаруаларының патша үкіметіне қарсы көтерілісінің басшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы «Кек» тарихи драмасы, «Армандай алыс жағалау», «Жаңбырлы жаз», «Құм қойнау» және «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптары, республикалық «Халық» газетіне шыққан әңгімелері таныстырылып, балаларға арнап әлемдік классикалық дәстүр бойынша жазған шоқтығы биік, жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлде алған шығармаларының бірі «Чика – Дабылдың баласы» атты хикаятын талқылау бойынша оқырмандар Ә. Нұреке, М. Төреғазы, А. Бақтияр, Е. Құлтай, А. Иманжүсіп, Н. Махмуд және т.б. шығармадан алған әсерлерімен ой бөлісіп, пікір алмасты.
Биыл әдебиет сүйер қауымға өзіндік айтар ойы мен қолтаңбасы бар жазушы Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш», Ғабдолла Сланов атындағы сыйлықтардың лауреаты. Республикалық ғылыми-көпшілік «Денсаулық» журналының бас редакторы, Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Молдахмет Қаназдың 80 жылдық мерейтойы.
Жазушы, қарымды қаламгер Молдахмет Қаназ 1942 жылы 23 ақпанда Қызылорда облысы Арал ауданы Бекбауыл станциясында дүниеге келген. Шымкент педагогика институтының филология факультетін тамамдаған. Әңгімелері, повестері, ертегілері мен мақалалары көптеген жинақтарға енген. Жазушының «Қияндағы күн нұры» повесі грузин тіліне және т.б. шығармалары орыс тіліне аударылған. Ал жазушының өзі В. Карповтың «Тірілей ұсталсын» романын, Е. Пелиннің, В. Распутиннің бірсыпыра әңгімелерін, И. Мелеевтің «Шатырұстар мырза» повесін қазақ тіліне аударған.







