Қаламмен кешкен тағдыр
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №17 Қызылжарма ауылдық кітапханасында «Парасат жолы» жобасы аясында қазақ әдебиетінің қорына қомақты дүние қосып кеткен ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтың туғанына 95 жыл толуына орай «Қаламмен кешкен тағдыр» атты жыр марафоны өткізілді.
Зейнолла Шүкіров 1927 жылы ақпанның 16 жұлдызында Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген ауылында дүниеге келген. Науқастығына қарамастан өз бетінше білімін көтеріп, жазушылықпен айналысты. Алғашқы жинағы 1955 ж. «Менің достарым» деген атпен жарыққа шыққан. Әрі поэзиялық, әрі прозалық жанрда бірдей қалам тербеген талант еңбегін көзі ашық, рухани дені сау жұртшылық жоғары бағалап, жазушыны «Қазақ Островскийі» деп атады. Қазақ әдебиетінің тарихына Зейнолла Шүкіровтың қаламынан туған лирикалық өлеңдерінде өзіндік дүниетаным толғаныстары арқылы адамдардың тағдырдың талай асуларынан, белестерінен өту жолындағы тынымсыз алға өрлеген іс-әрекеттері жырланады.
№144 С. Әлжіков атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Жазира Искакова ақынның өмірі мен шығармашылығынан мәлімет берсе, кітапхана оқырмандары ақынның "Теңізге", «Отаным менің», «Туған балаң», «Теңіздей телегей ақын» т.б өлеңдерін кезек-кезек оқыды. Сонымен бірге қаламгердің кітаптары насихатталып, Мәдениет үйінің қызметкері Қуаныш Ахметқызы ақынның сөзіне жазылған «Сыр сұлуы» әнімен кешті аяқтады.







