Тағдырдың талқысына мойымаған...
№6 кітапханамен «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-ның бірлесіп «Парасат жолы» жобасы аясында тағдыр тақсіретін тартса да табандылық танытып, әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, сара сөзді сүзгіден өткізіп, «Құрыш қазақ» атанған белгілі қаламгер Зейнолла Шүкіровтың 95 жылдық мерейтойына арналған «Тағдырдың талқысына мойымаған...» атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шараға орталық демалушылары мен қызметкерлері қатысып, әрі поэзиялық, әрі прозалық жанрда бірдей қалам тербеген табиғи талант иесінің «Ауруханада», «Дәрігерге», «Поэзия», «Күзгі кеш», «Жапырақтар» және т.б. жалынды жырларын шабыттана оқып, ақын сөзіне жазылған Ш. Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әнін хормен орындады. Ал орталықтың музыка мамандары А. Үсенов ақынға арналған С. Сейтмағамбетовтың «Зейнолланың соңғы монологы», А. Қашақбаев Қ. Аманжоловтың сөзіне жазылған Ә. Еспаевтың «Ақ сәуле» әнін нақышына келтіре шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Арал ауданынан келген зейнеткер Қ. Төлебаев З. Шүкіров жайлы өз естелігімен бөлісті.
Іс-шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Сырдың қайсар қаламгері» атты бейнебаян көрсетіліп, «Теңізбен тілдескен ақын» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Әсерлі әрі мазмұнды өткен кеш соңында орталық демалушылары ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.
Іс-шараның мақсаты – талайлы тағдыр иесі атанған Зейнолла Шүкіровтің шығармашылығымен оқырман қауымды кеңінен таныстыру. Қаламгер есімін ұлықтау, ұрпақ санасында жаңғырту. Қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Зейнолла Әнәпияұлы Шүкіров 1927 жылы ақпанның 16 жұлдызында Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген ауылында туған. Науқастығына қарамастан өз бетінше білімін көтеріп, жазушылықпен айналысты. Алғашқы жинағы 1955 ж. «Менің достарым» деген атпен жарыққа шыққан. Адамгершілікті, адал махаббат пен шынайы сезімді суреттейтін «Теңіз жырлары» (1960), «Арал дәптері» (1962), «Сағыныш» атты өлең кітаптары, сондай-ақ, Арал балықшыларының ауыр тіршілігін, өмірін бейнелейтін «Тоғысқан тағдырлар» (1961), бүгінгі замандастар келбетін ашатын «Сырлы дүние хикаялары» (1966), «Ізгілік іздері» (1967), «Қиын түйін» (1973) повестері мен «Отты өткелдер» (1983) атты романы жарық көрді. Өлеңдері мен поэмалары 1977 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен жарыққа шыққан. З. Шүкіров сонымен қатар көркем аудармамен де айналысты. Орыс ақыны Ф.И. Тютчевтің «Жартас пен теңіз» атты жыр жинағын қазақ тіліне аударды. Әлемге танымал Шекспир мен Гейнені қазақша сөйлетті. З.Шүкіров шығармалары шетел халықтарының тілдеріне аударылған. Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев З. Шүкіров туралы «Құрыш қазақ» поэмасын жазса, көптеген ақындарымыз Зейноллаға арнау өлеңдерін шығарды.







