Ақ боз үй
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №4 кітапханада жазушы Смағұл Елубайдың75 жас мерейтойына орай «Ақ боз үй» романынан оқырмандар конференциясы №15 мектеп-лицей оқушылары қатысуымен өткізілді.
Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» шығармасы – ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде ашаршылыққа ұшыраған халықтың халін, «асыра сілтеудің» елге тигізген зардабын шебер суреттейтін көркем туындылардың бірі. Жазушы билік басындағылардың пасықтығы мен әділетсіздігін өткір әшкерелеп, қазақ тарихына ақтаңдақ болып түскен отызыншы жылдар оқиғасын кең ауқымды баяндаған.
Кеште №15 мектеп лицейінің 10 сынып оқушылары шығармадан көрініс қойды. Романдағы басты кейіпкерлер кісі ақысын жемейтін иманды бай Пахраддин, оның қызы Хансұлудың тағдыры, жағымсыз кейіпкерлер ауыл белсендісі Сұржекей, Жадақай, Бұқарбайлардың іс-әрекеттері деген сұрақтарға кітапхана оқырмандары өз ойларымен бөлісті. №15мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрмаханова Шолпан романның қазақ әдебиетіндегі алатын орны және тарихи маңызын толықтай ашып, кештің мазмұнын келтірді. Шара соңында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.
Смағұл Елубай 1947 жылғы 9 наурызда Түрікменстанда туған. 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударған. 1971 жылы ҚазМУ-дің «Журналистика» факультетін, 1975 жылы Мәскеудегі сценаристер даярлайтын 2 жылдық жоғары курсты бітіреді. 1976 жылдан 1992 жылға дейін "Қазақфильм" киностудиясында шығармашылық жұмыстарда болды. 1992-1995 жылдары аралығында "Парасат" журналының бас редакторы, 1995 жылдан бастап Прагада, АҚШ-тың "Азат Еуропа және Азаттық" радиосында қызметте болды. Смағұл Елубаев –қазақ прозасының кәсіби деңгейінің өсуіне үлкен үлес қосқан жазушы. Жазушы қаламынан туған көркем туындылар идеялық-көркемдік, рухани тұрғыдан да, таным тарапынан да маңызды шығармалар болып табылады.
Жазушы «Ойсыл қара», «Саттар соқпағы», «Білте шамның жарығы», «Жарық дүние» хикаялар жинағының және «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» романдарының, «Қызыл отау», «Өтелмеген парыз», «Ай астындағы үй», «Сұрапыл Сұржекей», «Батыр Баян», «Кек» көркемсурет фильмдер сценариінің авторы.







