Ұлтымыздың ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынов
Биылғы жылы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Осы орайда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен көсемсөздері жинағы оқуға ұсынылған болатын.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №4 кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Ұлтымыздың ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» атты әдеби оқу өткізілді.
Ахмет Байтұрсынов – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор.
Ахмет Байтұрсынов шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Кеш барысында С.Лапин атындағы №261 мектептің оқушылары Ә.Нарымбай, Е.Асылбек, І.Әмір, А.Тажтай, Д.Кеңесбай пен Д.Баян ақынның «Анама хат», «Ақын ініме», «Досыма хат», «Қазақ салты», «Қара балуан Жәнібек» өлеңдерін оқыса, ақынның ұлттық ой-сананы оятуда жазған төл туындысы «Маса» жинағына енген «Ат пен есек», «Егіннің бастары», «Өгіз бен бақа» «Көк есектер» атты мысал өлеңдерін кітапхана оқырмандары С.Жаппасбай, А.Алмасқызы, К.Мәулен жатқа оқыды. Шараға аталмыш мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Б.Арленкева мен Н.Рахымбердиева қатысып, Ахмет Байтұрсыновтың қазақ балаларының ана тілінде сауат алуына арналған алғашқы әліппелер мен қазақ тілі грамматикасын танытатын тұңғыш оқулықтары туралы айтты. Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында кітап көрмесіне шолу жасалып, өлеңдері, нақыл сөздері бойынша интеллектуалдық сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, оқырмандар алғыс хаттармен марапатталды.







