Көктем - ол қуаныштың ізгі лебі
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхана «Парасат жолы» жобасы аясында қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған біртуар, талантты ақын Төлеген Айбергеновтің 85 жылдық мерейтойына орай «Көктем - ол қуаныштың ізгі лебі» атты поэтикалық композиция ұсынады. Іс-шараның мақсаты – ақын Төлеген Айбергеновтің өнегелі өмір жолы мен асыл мұраларын оқырман қауымға таныстыру, өскелең ұрпақтың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Іс-шара барысында небәрі отыз жасында жасындай жарқ етіп, жалғаннан жалт беріп, бақиға озған ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы, қазақ поэзиясына тың леп әкеліп, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Атамекен», «Бір тойым бар», «Аманат», «Мен саған ғашық едім», «Біргемін мен сендермен» және т.б. кітаптары жайлы мәліметтер айтылып, кітапхана оқырмандары Т. Айбергеновтің өмірді сүюге үндейтін, ізгілік пен мейірімге, сағыныш пен қуанышқа толы айсәулелі «Қос ішек», «Өсіп келе жатырмын» т.б. жырларын оқыды.
Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қаракалпақ елінің Қонырат деген жерінде дүниеге келген. Ташкенттің Низами атындағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген соң туған жерінде мектепте мұғалім, Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар I мектебінде директор болған. 1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеген. Т.Айбергеновтің өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жарияланды. Алғашқы өлеңдері «Жас дәурен» атты топтама жинақта басылды. Ақынның қазақ поэзиясында өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары – «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Құмдағы мұнаралар», «Мен саған ғашық едім», «Аманат», «Бір тойым бар», балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы жарық көрген. Сондай-ақ орыс тілінде «Мир созвездья» атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды. Т.Айбергеновтың «Ақ ерке, Ақ жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар» т. б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. 1997 ж. ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітабы жарық көрді.







