Ақ күріштің атасы - Ыбырай
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана мен Зағиптар қоғамы клубы бірлесіп 18 сәуір – Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне орай дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жахаевтың өмірі мен ерелі еңбегін бүгінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ақ күріштің атасы - Ыбырай» атты тарихи-танымдық кеш өткізді. Кеш қаламыздағы Ыбырай Жахаев бюстінің алдында «Абылайхан» атындағы жоғары колледж студенттері мен Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінің оқушылары мен мұғалімдері қатысуымен өтті. Шара барысында кітапхана оқырмандары Асқар Тоқмағамбетовтың «Ақ күріштің Атасы», «Жылайды жүрек», «Ой-арман,өкініш», «Қош, Ыбеке», Манап Көкеновтың «Ыбырай Жахаевқа», т.б. өлеңдерін жатқа оқыды.
Әлемге Сыр күрішін әйгілеген Ыбырай Жахаев – өз бақытын еңбектен тапқан, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған кемеңгер диқан, ақ күріштің атасы, дала академигі. Саналы ғұмырында бір өзі бір дәуірдің жүгін көтеріп, қайталанбас рекордтар жасай жүріп, еліміздің аграрлық саласының дамуына зор үлес қосты. Міне, осындай ел үшін туып, ұлтын ұлы істерге бастаған тұғырлы тұлғалар үнемі халық жадында жаңғыра бермек. Танымдық кеш соңы әсем әнге жалғасып, Күрішші Атамыздың рухына тағзым етілді.








