Қаһарман қызы қазақтың

    Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты  №6 кітапхана «Парасат жолы» жобасы аясында қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағын алған пулеметші Мәншүк Мәметованың 100 жылдық мерейтойына орай «Қаһарман қызы қазақтың» атты онлайн ерлік сағатын ұсынады. 
   Қазағымыздың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова 1922 жылдың қазан айында Орал облысы, Орда ауданы Жасқұс ауылында дүниеге келген. Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі - Мәнсия. Анасы бала күнінде қызының мойылдай мөлдіреген көзіне тоймай «Моншағым» еркелеткен екен. Аяулы ананың ілтипаты мен мейіріміне қанып өскен ол Мәнсия деп өзінің атын еркелікпен айта алмай, «Мәншүк» деп атап кеткен. 
   Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүкті әкесінің інісі, қазақтан шыққан алғашқы дәрігер – Ахмет Мәметов өз тәрбиесіне алады. Мәншүк бала кезінен өте өжет бірбеткей болып, әкесі Ахметке өте жақын болып өскен. Әкесінің жолын қуған Мәншүк бала кезінде дәрігер болуды армандап, мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы медицина институтына оқуға түседі. 1942 жылы тамыз айында Мәншүк өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Қазақтың қайсар, қаһарман қызы өз өтініші бойынша пулемет батальонына барып, көп уақыт өтпей-ақ 21 – атқыштар дивизиясының «Максим» пулеметшілер тобының бірінші пулеметшісі болып бекітілді. 
   1942 жылы Великие Луки қаласын жау қолынан азат ету үшін қаһарман қыз барын салып шайқасты. Осындай ұрыстарда Мәншүкке медициналық институттағы бір жылдық білімі көп көмектесті. Ол өлім аузында жатқан майдандастарына қолдан келгенше жәрдем берді. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста қасындағы жолдастарынан айырылған қазақтың ержүрек қаһарман қызы үш пулеметті қатарынан қойып, жауды 3 сағат бойы жалғыз бөгеп ақтық демі қалғанша пулеметтен оқ боратып, қасық қаны қалғанша жаумен қасқая күрескен қазақтың батыл да батыр қызы Мәншүк 1943 жылғы 15 қазанда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Қаһарман қызға 1944 жылы 1 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 

04 мамыр 2022 ж. 327

Жаңа түсімдер

Мемлекеттік сатып алу

Бейнебаян

  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам