Төрт түлігім-ырысымның бірлігі
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №4 кітапханада «Жазғы кітапхана» жобасы аясында «Төрт түлігім-ырысымның бірлігі» атты әңгіме шолу өткізілді. Шарада кітапхананың жас оқырмандарына қазақ халқының ежелден мал шаруашылығымен айналысқаны жайлы , төрт түліктің пайдалы жақтары жөнінде мағлұматтар берілді. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бойынша олар малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден зерттеп білген. Ертеде ата-бабамыз амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп сұрайтын. Осы бір ауыз сөздің өзінен қазақ өміріндегі малдың орны ерекше екенін ұғуға болады.Малдың күші, сүті, еті, сонымен қатар жүні, қылы, терісі адам баласына пайдалы, кисе-киімі, жесе тағамы болған. Қазақ өзінің малын қой,ешкі,жылқы,сиыр түйе деп төрт түлікке бөледі.Осы төрт түлік малдың әрқайсысын қазақ халқы барынша өнім үшін пайдаланады. Ата - бабаларымыз малдан керегін ғана алып қана қоймай, сонымен бірге өлеңдер, жұмбақтар, мақал - мәтелдер, жаңылтпаштар, әндер - күйлер, санамақтар арнаған. Тағы бір айта кететіні ата - бабаларымыз балаларын еркелеткенде құлыншағым, ботам, қозым деп төрт түлікпен байланыстырып отырған. Төрт түліктің жүріс - тұрысына қарап ауа райында болжаған.







