Қасиетті домбыра
№16 қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында» «Парасат жолы» жобасы аясында Ұлттық Домбыра күніне орай «Қасиетті домбыра» атты ақпараттық сағат өткізілді.
Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, ежелден қазақтың тарихын баяндаған өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең аспап болып табылады.
Шара барысында кітапханашы домбыраның тарихы, құрылысы, даңқты күйшілер, домбырашылар туралы ақпарат беріп, кітапханадағы домбыра өнері, оны тартып үйрену, атақты күйшілер жайлы әдебиеттермен таныстырды. Жас оқырмандар шара соңында «Сыр болашағы» атты үйірмесінің қатысушылары Шахан Айару, Бақытбек Айымжан, Найманбек Бағылан, Хаджымұрат Бауыржан орындауындағы «Жастар биі», «Келіншек», «Ерке сылқым» күйлерін тамашалады.
Шараның мақсаты: Жас оқырмандарға ұлттық аспабымыз туралы ақпарат беру, қасиетті домбыраны ұлықтау.







