Қамшы – мал айдасаң құрал, аң ауласаң қару
№18 кітапханада Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай,«Рухани жаңғыру» жобасы аясында «Қамшы – мал айдасаң құрал, аң ауласаң қару» атты библиографиялық шолу дәстүрлі түрде өткізілді. Қамшыны қазақ қасиет тұтқан бұйымның бірі. Қазақта әр шаңырақтың төрінен орын алған қамшының ата-баба өмірінде орны ерекше. Осы орайда ұлттың байлығына баланған қамшының қасиеті мен тәрбиелік мәні туралы кітапхана оқырмандарымен кеңінен шолу жасалды.Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолдану аясы кең, жалпы үйге кіргенде қамшыны ала кірмейтін болған, егер сыртқа тастап кетпей, үйге ала кірсе, дауласуға келгенін білдірген, ортаға тастаса, бітімге келуге шақырғанын білдірген. Қамшы – атқа мінген адам ұстайтын, бірнеше таспа қайыстармен көмкеріліп, өрілген, сабы тобылғыдан, ырғайдан жасалған құрал. Қамшы құрал болумен қатар қару ретінде қолданылған. Қамшы саптан, өрімнен және бүлдіргіден тұрады. Саптың қолға ұстар жері былғарыдан қапталып,қайыстан өріледі. Қамшы өрудің көптеген түрі болады, 3 таспадан, 40 таспаға дейін өрім түрі болады. Қамшыны жасау үшін әуелі теріні илеп, иін қандырып, қайыс өңдеп дайындау қажет. Сосын қайысты өрім санына қарай тарамдап тіліп, өреді. Ең қолайлысы тобылғымен сапталған 12 өрім қамшы. Шараға кітапхана оқырмандары қызығушылықпен ат салысты.







