Ғибратты ғұмыр иесі
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 6 кітапхана «Ұлылардан ұлағат» жобасы аясында академик, ғалым Шахмардан Есеновтың 95 жылдығына арналған «Ғибратты ғұмыр иесі» атты танымдық сағатты ұсынады.
Іс-шара барысында қазақтың мақтанышына айналған ең көрнекті ғалымдарымыз Қаныш Сәтбаев пен Евней Букетовтердің ізін жалғастырушы, Қазақстан ғылымы мен өндірісінде өшпестей есімі қалған, ұйымдастырушылық және адами қасиеттерімен ерекшеленген бірегей ғалым Шахмардан Есеновтың Қазақ геология ғылымының өркендеп дамуына қосқан зор үлесі, өнегелі өмір жолы, ерен ерлігі мен қайсарлығы, өжеттігі мен батылдығы жайлы оқырмандарға кеңінен әңгімеленді.
Іс-шараның мақсаты – ұлтымыздың бетке ұстар арда азаматының парасатты өмір жолын таныстыру, қайраткерлік, адамгершілік, еңбексүйгіштік секілді асыл қасиеттерін насихаттау.
Шахмардан Есенов 1927 жылы 5 тамызда Қызылорда облысының Шиелі ауданы Тартоғай ауылында дүниеге келді. Сол жердегі орта мектепті бітірген соң, Қызылордадағы педагогикалық техникумға оқуға түсіп, оны 1944 жылы тәмәмдайды. Техникумды бітірісімен Қазақ тау-кен институтының геология-барлау факультетіне оқуға қабылданады. Қазақтың бірегей ұлы, ғұлама ғалымы – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ұсынысы бойынша 1949 жылы жас маман, тау-кен инженері Шахмардан Есенов Жезқазған кешенді геология-барлау экспедициясына жұмысқа жіберіледі.
Ғалым елде мыс, мырыш, қорғасын пен мұнай, талшықтас, марганец, никель, кобальт, темір кен орындарын ашып, ауыз су көзін табуға үлес қосқан. Соның арқасында елден талшықтастың жаңа түрі табылып, ғалымдар оған Жезқазған талшықтасы деген ат берген.
1961 жылы 33 жастағы Есенов Қазақстанның геология министрі болып тағайындалды. Осылай ол Кеңес тарихындағы ең жас министр болды.
Министрліктегі ол бастаған экспедиция барысында Маңғыстаудан мұнай табылып, Өзен, Қаражамбас, Жетібай, Қаламқас, Бозащы кен орындары ашылды. Қазір олар Қазақстанның ең ірі кәсіпорындары саналады. 1966 жылы осы жаңалығы үшін Есенов Ленин сыйлығын алды. 1967 жылы 39 жастағы Есенов ҚазКСР-дің Ғылым академиясының басшысы болып сайланды. 1978 жылы екі рет елдің геология министрі болған академик саясаттан кетіп, өзі оқыған университеттің кафедрасын 16 жыл басқарды.
Шахмардан Есенов 1994 жылы 67 жасында өмірден озды. 1995 оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ҚР Министрлер кабинетінің қаулысымен Ақтау политехникалық институты Ш. Есенов атындағы Ақтау политехникалық институты болып өзгертілді. Содан бері Маңғыстау облысының бас жоғары оқу орны ұлы геологтың есімімен аталып келеді. Және еліміздегі бірнеше елді мекендерде Ш. Есенов атымен аталатын көше, мектеп атаулары бар. Ғалымның ғибратты ғұмыры жайлы журналист Г. Оразалықызының «Шахмардан Есенов» атты ғұмырнамалық деректі хикаяты жарық көрген.







