Ислам өрелі өркениет
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №13 балалар кітапханасы мен Н.Ергешбаев атындағы № 172 орта мектеп кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен «Ислам өрелі өркениет» дін өкілдерімен кездесу жоғарғы сынып оқушыларымен өткізілді.
Кездесуге «Әбубәкір» мешітінің бас имамы Ж.Н.Садықов, діни қызметкер М.Қасенов, Тасбөгет кентінің «Құдыс» ишан мешітінің ұстазы М.Түлкібаев және де № 172 мектептің Дінтану пәнінің мұғалімі Ғ.Есмағанбетов қатысты. Кездесуде асыл дініміздің қазіргі жағдайы, ел ішіне іріткі салып жүрген жат пиғылды ағымдар, ішкі тұрақтылықпен келісім және тағы басқа өзекті мәселелер сөз болды. Алғаш болып сөз алған «Әбубәкір» мешітінің бас иманы Садықов Жеңіс Нұрланұлы, сабырлық пен момындық қазақпен біте қайнасып кеткенін, сондай - ақ , халқымыз қандай жағдай болмасын Алланы ұмытпағандығын айта келе, қазіргі жетістігіміздің өзі төзім мен толеранттылыққа тікелей байланысты екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз алған «Құдыс ишан» мешітінің ұстазы – Түлкібаев Мұханбетғани діни радикализм, фитнаның алдын – алу жөнінде насихат айтып, бүгінгі ислам атын жамылған секталар жөнінде кеңінен түсіндіріп берді. Өзге де сөз алған қонақтардың пікірлері әсерлі, ғибратқа толы болды.Кітапхананың белсенді оқырмандары Ж.Алтай, А.Аббаз, А.Әбдірәш дін өкілдеріне ислам дінінің ерекшеліктері жайлы сұрақтар қойды. Жиын соңы сұрақ - жауапқа ұласып, көкейлерінде жүрген сауалдар мен күрмеуі қиын мәселелердің шешімін тапты. арнайы бейне баян көрсетіліп, «Ислам және өркениет» тақырыбында кітап көрмесіне шолу жасалды. № 172 мектептің аға кітапханашысы М.А.Жаналиева шара конақтарына рахметін айтып, шараны қорытындылады.







