Үні дара ақын
№18 кітапханада ақын, драматург И.Оразбаевтың туғанына 75 жылдығына орай «Үні дара ақын» атты әдеби портрет №197 мектептің 9 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен дәстүрлі түрде өткізілді. Ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы кеңінен таныстырылып, кітаптары насихатталды. Ақын, драматург И.Оразбаев 1947 жылы 7 маусымда Қызылорда облысы,Сырдария ауданында туған. Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін (1970), Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген (1980). Қызылорда облыстық «Білім» қоғамында референт, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында поэзия бөлімінің меңгерушісі Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет комитетінің редакциялық-репертуарлық коллегиясының бас редакторы қызметтерін атқарды. 1998 жылдан Қазақтың мемлекеттік Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының әдебиет бөлімін басқарды. Алғашқы «Жүрек жырлайды» атты жыр жинағы 1974 жылы жарық көрді. Кейін «Тың құрбаны», «Хайуандық комедия», «Мен ішпеген у бар ма?», «Хан Абылай - Сабалақ», «Гүл-Нәр», «Театр Романы», «Қорқыттың көрі», «Махамбет» атты драмалық дастандарын жазды. «Глаза ночи», «Царь слова», «Наследник» атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. 2006 жылы 13 томдық таңдамалысы оқырмандар қолына тиді. 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін Қ.Р. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. «Жүрек жырлайды», «Өмір-өлең» атты өлеңдері мен поэмалар жинақтары жарық көрді. «Мен ішпеген у бар ма?» атты драмалық дастаны Абай өмірінің соңғы кезеңіне арналған, театр сахналарында қойылып келеді. Иран-Ғайып шығармасының ерекшелігі лирикалық туындыларында бүкпесіз ақтарыла жазып, өзіне шүбәсіз сендіре білу құдіретінде. Өлеңдерінде көркемдік ерекшелігі айрықша зор. Шара барысында жас оқырмандар өз ойларымен бөлісіп, әсерлерін ортаға салды.







