Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхана «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ – мен бірлесіп 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік» атты тарихи кеш ұйымдастырды. ҚР Мемлекеттік әнұранымен басталған іс-шара Тәуелсіздігіміздің терең тарихына, мән-мағынасына тоқталған Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Дүйсенбаевтің алғы сөзімен ашылып, бір сәт Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алумен жалғасты. «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің директоры, Желтоқсан оқиғасының куәгері Ж. Адыранова сол кезеңдегі өз көзімен көрген естеліктерімен бөлісіп, Желтоқсан оқиғасы – ел Тәуелсіздігінің берік бастамасы және ең алдымен халқымыздың бақыты болған, ұлттық намыстың шынайы көрінісі екенін тебірене айтып, бүгінгі күні халқымыз өткеннен сабақ алып тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлу керектігі жайлы өз ойымен бөлісті. Арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қызметкері Г. Залиева жан тебірентер Желтоқсан оқиғасы мен тұғырлы Тәуелсіздігіміз жайлы жазылған Е. Қуандықтың «1 жыл 11 ай 3 күн», К. Табейдің «Қайсар рухты қазақ», «Азаттық аңсағандар», М. Жолдасбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы», А. Бектемісовтің «Тәуелсіздік тартуы», Б. Үсенбаевтің «Тәуелсіздік деген не?», Қ. Бораштың «Өз елім - өркениетім» және т.б. тарихи-танымдық әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға библиографиялық шолу жасады. Кеш мекеме қызметкерлері мен демалушыларының орындауында ақындарымыздың өлеңдерінің оқылуымен және Е. Зейіпханның «Көк тудың желбірегені», Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерінің шырқалуымен қорытындыланды.







