Ұлттық ілімнің шамшырағы
Қалалық орталықтандырылған кітакпханалар жүйесіне қарасты №18 және № 13 балалар кітапханаларының ұйымдастыруымен Қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеевтің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ұлттық ілімнің шамшырағы» атты қала мектептерінің 7 сынып оқушылары арасында әңгіме айту сайысы өткізілді.
Спандияр Көбеев қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы, гуманист педагог. Спандияр Көбейұлы – Ыбырай Алтынсарин үлгісіндегі педагог-жазушы. Өз ұстазының жолын үлгі тұтып, ағартушылық идеясын педагогтік қызметі арқылы насихаттаған.
Байқаудың мақсаты ақын-жазушының қаламынан туған мысал, әңгімелер арқылы оқушыларды адами қасиеттерге баулу, автор көтерген тағылымдар арқылы жазушының азаматтық бейнесін аша отырып, жас оқырмандардың адамгершілік қасиеттерін арттыру, үлгі-өнеге алуға шақыру.
Байқауға қала мектептерінен 11 сайыскер қатысып, сайыс шарты бойынша «Мен таңдаған шығарма» тақырыбында жазушының қалаған әңгімесін мәнерлеп, түйінді ойымен жеткізе білді. Жас оқырмандар өнерін ыждағаттылықпен тыңдай білген қазылар алқасы №43 мектептің оқушысы Арысбек Абзалды үшінші орынға, №11 мектеп оқушысы Спандияров Жансерікті екінші орынға, №43 мектеп оқушысы Алмас Тұмарды бірінші орынға лайықты деп танып арнайы дипломмен сыйлық табыстады. Сайысқа қатысып белсенділік танытқаны үшін барлық жас оқырмандар алғыс хатпен сыйлық кітапқа ие болды.








