Қыздарға әсемдік жарасады
№12 кітапхананың ұйымдастыруымен 8 наурыз–Халықаралық әйелдер күніне орай «Қыздарға әсемдік жарасады» қалалық байқау өткізілді
Байқаудың мақсаты: Қазақ қыздарын халқымыздың ізгі қасиеттері: имандылық, инабаттылық, ізеттілік, ісмерлік т.б. негізінде тәрбиелеу. Әр қыз баланы парасатты, жан –жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсінуге тәрбиелеу.
Шараны Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кәсіподақ ұйымының төрайымы , Қазылар алқасының мүшесі Оразбекова Мира Торғайқызы ашып, қатысушы аруларға сәттілік тіледі.
Байқау 4 кезеңнен құралды. Бірінші кезең «Мен қазақ қызымын» деп аталып, бұл кезеңде қатысушылар бейне слайд арқылы өздерін және отбасын таныстырса, екінші кезеңде «Өнерлінің өрісі-кең» деп аталып өз өнерлерін ортаға салды, үшінші кезең «Мен оқыған ең қызық кітап» деген кезеңде сайыскерлер оқыған ең қызық кітабын таныстырып, түсінікті етіп әңгімелеп беріп бақ сынасып , «Білікті қыз» деген аталымында қатысушылар салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп, аяқталмаған мақал-мәтелдерді жалғастыра отырып өздерінің білімдерін ортаға салып сайысқа түсті.
Кезеңдер бойынша білімі мен өнерін, шығармашылық қабілетін таныта білген аруларымыз Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы әділет лейтенанты Қалжан Жұлдыз Ғалымжанқызы – «Сымбатты ару» номинациясын, «Орда» жоғары колледжінің «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы Сәкенова Ақбота Сәкенқызы – «Инабатты ару» номинацясымен, №4 қалалық емхананың мейірбикесі Камалова Улжан Атабайқызы-«Қылықты ару», Жеке жас кәсіпкер, блогер Іргебай Толғанай Егенбергенқызы- «Өнерлі ару», Шұғыла» № 1 балабақшасының информатика пәнінің мұғалімі Каналбаева Жібек Ғалымжанқызы – «Парасатты ару» - номинацияларымен марапатталып, бағалы сыйлықтар беріліп, арнайы дипломдар табысталды.







