Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке!
№6 кітапхана Наурыз мейрамына орай халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттау, тәрбиелік түп-тамырын түсіндіру, жас оқырмандардың ұлттық құндылықтарымызға деген зор сүйіспеншіліктерін ояту, таным көкжиектерін кеңейту мақсатында «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке!» атты әдеби қоржын ұйымдастырды. Алдымен иірілген жүннен тоқылған баға жетпес байлығымыз қолөнер туындымыз болып табылатын қоржынның терең тарихы, мейрам күндері жасалатын жөн-жоралғылар мен ас мәзірі, тағы да басқа этнографиялық ұғымдар жайлы мол ақпараттар айтылды. Шара барысында жас оқырмандар осы қоржын ішінде жасырылған жыл басы Наурыз мейрамы мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызға байланысты викториналық сұрақтарға нақты жауап беріп, жұмбақтардың шешімін тауып, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтып ой ұшқырлықтарын көрсетті. Кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Қош келдің, Наурыз!», «Наурызнама», «Нау мен ырыс», «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Қазақтың дарқан дастарханы», Л. Ахметжанқызының «Дәстүр даналығы» және т.б. әдебиеттер мен мерзімді басылымдар таныстырылды.







