Ата салтым – алтын қазына.
А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана «22 наурыз Ұлысытың ұлы күніне» орай, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі студенттерінің қатысуымен «Ата салтым – алтын қазына» атты Бата беру сайысын ұйымдастырып өткізді. Осы орайда, ата салтын ардақтап, айтар сөзін салмақтап, тыңдағанын зерделеп жүрген жастарымыз «Атадан қалған асыл сөз», «Мақал- сөздің мәйегі » атты екі кезеңнен тұрған сайыста қатысушылар, алдын ала дайындап әкелген батасын мәнерлеп, көрнекіліктерімен, нақышына келтіріп айтып берді. Сайысты 23-03 тобының студенті Төлебаев Кемел Төле бидің Қаздауысты Қазыбек биге берген батасынан бастады. Келесі кезекте Бесікке салу -нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімін, 23-07 тобының студенттері Ақбисенова Лаура, Ардақ Ботагөз, Бегелиева Қымбат, Бодық Ақнұр шашуын шашып, сәбидің әжесі түбектің тесігінен балаларға тәттілерін үлестіріп, жол-жоралғысын көрсетті. Соңынан бесікке ақ батасын беріп, баланың ер жетуіне, ананың үбірлі-шүбірлі болуына тілегін білдірді. Үшінші қатысушы 23-05 тобының студенті Абатова Ханшайым сәбидің бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр - Тұсаукесерді, жеті немеренің әжесі Данагүл әжеге ырымдап кестірді.Төртінші қатысушы 23-01 тобының студенті Әбдуғани Ислам, баланың тұсауын кесуге арналған батамен аяқтады.







