Ұлт руханиятының үш бәйтерегі.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана «Қаламгерлер аллеясында» Алаш қайраткерлері — С.Сейфуллин, І.Жансүгіров және Б.Майлиннің 130 жылдығына арналған «Ұлт руханиятының үш бәйтерегі» атты әдеби оқуды өткізді.Мақсаты – қазақтың «үш бәйтерегі» атанған қайраткерлердің тағылымын, қазақ әдебиетін дамытудағы еңбектерінің ерекшелігін жастарға таныту, кітап қорындағы әдебиеттерді насихаттау. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин - қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосқан бір заманның өкілдері. Олар ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер, қаламгерлігіменде биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты. Өскелең ұрпақ олардың қаламынан жарық көрген Қазақстанның дарқан даласын, еңбек адамдарының іс-әрекеттері, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт сенімдері жайлы әдеби көркем шығармаларды оқып, бой түзеді. Міне, бүгінде кітапхананың белсенді оқырмандары Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушылары Құлбай Айсұлтан мен Абдгафар Маткарим және де ҚМУ дің тарих және қазақ тіл мен әдебиет бөлімінің 2 курс студенттері Мұхаммедяров Азамат, Тыныс Ермек және де кітап сүйер жастар «Қаламгерлер аллеясында» бас қосып, қазақ әдебиетіндегі қайталанбас үш тұлғаның өмірлері мен шығармаларына арналған С.Сейфуллиннің «Домбыра», «Далада» ,«Аққудың айрылуы», Ілияс Жансүгіровтің «Аттанған азамат», «Жауын», «Күй» өлеңдерін жатқа оқып, Бейімбет Майлиннің «Нан», «Жазғы кеш» атты көркем туындыларынан, үзінді, мәнерімен өлеңдер оқып, ойларымен бөлісті. Шараға қатысқан жас ұрпаққа әділетсіздікті жырлаған, болашағымыздың бостандығы үшін күресіп, арттарында өшпестей із қалдырған «Үш бәйтерек» атанған әдебиет алыптары - Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің мол мұрасы, өмір жолдары ғибратты да, мәнді ғұмырбаяндары, жас ұрпаққа үлгі болып қала берері сөзсіз.







