Ізденімпаз жастар – ел болашағы
Кітап – рухани қазына, өмір айнасы, замана сыры, өткеннің рухы, келешектің кілті, мәдениеттің биік шыңы. Біздің ата-бабамыз «Кітап - көп ақылдың құйылған көлі», «Кітап – ғажап дос» десе, кемел ойдың кемеңгері хакім Абай атамыз «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» деп бар білім мен ғылымның қайнар көзі кітапта екенін кейінгі ұрпағына айтып кеткен. Осы орайда қалалық №6 кітапхана қоры жерлесіміз, Жалағаш ауданының тумасы, киносыншы, өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры Көбек Гүлзат Болатбекқызы «Меломан» интернет-дүкені арқылы кітап мәртебесін көтеру және жастарға кітап оқуды насихаттау, кітап оқу мәдениетін жетілдіру мақсатында «Ізденімпаз жастар – ел болашағы» тақырыбы аясында сыйға тартқан Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке», Виктор Франклдің «Өмірден мән іздеген жан», Гари Бишоптың «Бас қатырма, өмір сүр», Сейілбек Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа», Гари Чапман мен Росс Кемпбеллдің «Бала тілін табудың 5 тәсілі» және Робин Шарманың «Сен өлгенде кім жылайды?» кітаптарымен толықтырылды. Жерлесіміз Гүлзат Болатбекқызына кітапхана оқырмандары және кітапхана ұжымының атынан кітапхана қорын құнды кітаптармен толықтырғаны үшін және де әрбір жастың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне, білімді де мәдениетті болып тәрбиеленуіне қосып жатқан зор үлесі үшін алғысымызды білдіреміз. Шығармашылық табыс тілейміз!







