«Үздік кітапханашы – 2025» байқауы
«Үздік кітапханашы – 2025» байқауы өтті
24 қазан – Кітапханашылар күні мерекесіне орай қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жас кітапханашылары арасында «Үздік кітапханашы – 2025» байқауы өтті.
Мерекелік шараға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Бөкенбайұлы арнайы қатысып, кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Іс-шара барысында біршама кітапханашылар Қызылорда қаласы әкімінің, облыстық кәсіподақтың, облыстық кітапхана басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Аталған байқауда 7 жас кітапханашы 5 кезең бойынша бақ сынап, кәсіби білімі мен өнерін ортаға салды. Байқаудың әділ-қазылар алқасы – қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорының орынбасары Ақнұр Қыдырәліқызы, «Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің» маманы Айгүл Дарбасқызы, кітапхана әдіскері Ақжол Ғабитұлы.
Жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеруге, кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған байқау ерекше тартысты өтті.
Осылайша «Үздік кітапханашы – 2025» байқауының бас жүлдесін №6 кітапхананың кітапханашысы Нұргүл Төлеубай жеңіп алды. Ал, I – орын №12 кітапхананың кітапханашысы Ақманат Жылкелдиеваға бұйырды. Сонымен қатар II – орынды А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхананың кітапханашысы Мақпал Кенжебаева, III – орын №13 балалар кітапханасының кітапханашысы Жансая Қожас иеленді. Ал, Гүльнұр Ерхожаева «Көрермен көзайымы», Назерке Асқарова «Креативті кітапханашы», Жазира Ералиева «Жаңашыл кітапханашы» номинацияларымен марапатталды.
Жас мамандар үшін бұл байқау тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейін шыңдауға үлкен мүмкіндік болды. Байқауға қатысқан барлық кітапханашыларға алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ салалық кәсіподақтың сыйлығы берілді.







