Арыс жағасында
№17 кітапхана күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған әйгілі сазгер, халық композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай «Арыс жағасында» атты әдеби караоке өткізді.
Шараның мақсаты - қазақ вальсінің королі атанған сазгердің өмірі мен шығармашылығын насихаттап, Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған әдебиеттер мен таныстырып, оқырмандарды мәдениетті қастерлеуге шақыру, жастарымыздың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті дарыту.
Шара барысында кітапханашы Қарлығаш Махамбетжанқызы сазгердің өмірбаяны мен шығармашылық жолына шолу жасап, онын қазақ музыкасына қосқан өлшеусіз үлесі туралы баяндап берді. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің қысқаша тарихына тоқталып, олардың шығу тарихы мен халық жүрегінен орын алу себебін айтып өтті.
Қызылжарма мәдениет Үйінің жанынан құрылған «Әнел» ән үйірмесінің қатысушылары сазгердің «Ана туралы жыр» әнін жанды дауыспен орындап, сазгердің шығармаларына деген құрметін көрсетті. Шара соңында Қожабековтер халықтық отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі, кітапхананың тұрақты отбасылық оқырманы Қуаныш Ахметқызы сыршыл да сырбаз композитордың қайталанбас әндері қаншама жылдар, ғасырлар өтсе де әрбір тыңдаушы жүрегіне жол тауып, шырқала беретінін айтып өтті.







