«Бақытсыз Жамал» романы
№1 кітапхана қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, тұңғыш қазақ романының авторы, ұлт мақтанышы, Алаш қозғалысының қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай жазушының «Бақытсыз Жамал» романы бойынша кітап талдауын өткізді. Шараға №176 орта мектептің 8 сынып оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Шараның мақсаты – тұңғыш қазақ романының мазмұнымен, идеясымен таныстыру, М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы жайлы түсінік беру, оқырмандардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту, төл әдебиетімізге деген қызығушылықтарын ояту болып табылады.
Шара барысында оқырмандарға алдымен қаламгердің өмірі мен шығармашылығы және кітаптары таныстырылып, әрі қарай 1910 жылы жарық көріп, қазақ әдебиетінде тұңғыш роман ретінде тарихта қалған, ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының айнасы, әйел теңсіздігі мен ескі дәстүрдің кесірінен жапа шеккен қазақ қызының тағдырын бейнелейтін «Бақытсыз Жамал» туындысы бойынша талдау сұрақтары қойылды. Кітапхана оқырмандары шығармадағы кейіпкерлердің ұнамды және ұнамсыз тұстарын, іс-әрекеттерін әр қырынан саралап ашуға тырысып, ар-намысын жоғары қоятын Жамалға, әкесі Жұман мен анасы Момынға, дәрменсіз Ғалиға мінездеме беріп, шығармадан алған әсерлерін ортаға салып, ой пікірлерімен бөлісті. Шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ә.Мақашева және И.Айтчекова қорытындылап, құндылығын жоймайтын «Бақытсыз Жамал» романының айтар ойын, мән-мазмұнын бір кеште талқылап бітіру мүмкін еместігін, алайда, бүгінгі кеш бір сәт болса да шығарманың өн бойына терең бойлап, талқылауға себеп болғандығын атап өтті.







