Ұшқан ұя
№1 кітапхана «Жүз кітап» жобасы аясында қазақ әскери әдебиетінің негізін салушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай жазушының танымал туындыларының бірі «Ұшқан ұя» атты автобиографиялық романы бойынша оқырмандар конференциясын өткізді.
Шараның мақсаты - жазушының өнегеге толы өмір жолын таныстыру, балалық шағынан сыр шертіп, өсіп-өнген ортасынан алған тәлім тәрбиесін суреттейтін, ұлтымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін шынайы бейнелейтін көркем шығармасын насихаттау.
Шара барысында кеш қонағы әдебиетші ұстаз Айгерім Тұрсын әжесінің тәрбиесімен өскен, Б.Момышұлының балалық шағынан, ес біле бастаған, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған, отбасы мүшелерінің бейнелерін әр қырынан танытқан «Ұшқан ұя» романының терең мазмұнына тоқталып, жазушының тұлға болып қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндап берді. Жас оқырмандар шығармадан алған әсерін ортаға салып, батырдың азаматтық, адамгершілік, ұлтжандылық, қайсарлық, қарапайымдық, даналық қасиеттері жайлы пікірлерімен ой бөлісті.







