Алашты оятқан - оян қазақ
№17 кітапханада С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп оқушыларының қатысуымен Алаш ардақтысы, көрнекті ақын, жазушы, драматург, педагог, аудармашы Міржақып Дулатұлының туғанына – 140 жыл толуына орай, «Алашты оятқан - оян қазақ» атты библиографиялық шолу өтті.
Шараның мақсаты - қазақ халқының рухани жаңғыруына елеулі үлес қосқан Міржақып Дулатұлының ағартушылық, саяси және педагогикалық мұрасын жан-жақты насихаттау, ұлт мүддесі жолындағы еңбегін еске алу, өмірі мен шығармашылығымен таныстыру.
Шара барысында арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесінен оқырмандар қилы заманда көптің сауатын ашып, білім нәрімен сусындатқан, ұлт тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген ағартушының әділдік пен адамгершілік мәселелерін көтерген, қазақ елінің ұранына айналған «Оян қазақ!» жыр кітабы және ұлттық әдебиетімізде тұңғыш прозалық шығарма, қазақ әйелінің ауыр халін шынайы бейнелеген «Бақытсыз Жамал» атты романы, «Алаш мұрасы» сериясымен жарық көрген Міржақып Дулатұлы атты 6-томдық шығармалар жинағы ерекше сұранысқа ие болып, шараға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Шара соңында «Білім» оқу орталығының мұғалімі Салтанат Байбараққызы Міржақып Дулатұлының өмірі мен өнегелі жолы - бүгінгі ұрпаққа рухани бағыт, еркін ой мен елжандылықтың үлгісі болып қала бермек деп өз ойымен бөлісті.







