«Тағдыр» романы
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2026 жылға Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалып алынды. Бұл шығарма – қазақ халқының XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы тарихи-әлеуметтік тағдырын терең бейнелейтін көрнекті туынды.
Романда екі алып империя – Патшалық Ресей мен Цинь мемлекеті арасындағы шекараның қазақ жерін қақ бөлген кезеңі, сол саясаттың қарапайым халықтың өміріне әкелген қасіреті көркем тілмен суреттеледі. Шығарманың басты өзегі – ата қонысынан айырылған елдің мұңы, бөлінген жұрттың тағдыры, елдік пен бірлік үшін күрескен азаматтардың ерлігі.
«Тағдыр» романы оқырманды тарихи шындықпен беттестіріп қана қоймай, ұлттың рухани беріктігін, туған жерге деген сүйіспеншілікті, азаттыққа ұмтылған халықтың асқақ рухын сезінуге жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда, аталған туынды – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, тарихи сананы қалыптастыратын құнды әдеби мұра.







