Мәңгілік бала бейне
№4 кітапханада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Роза Мұханованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасына арналған оқырмандар конференциясы өткізілді. Аталған шараға Ж.Махамбетов атындағы №43 орта мектебінің оқушыларымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – шығарманың идеялық мазмұнын ашу, ядролық сынақтың адам тағдырына тигізген зардабын түсіндіру, оқырмандардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Конференция барысында қатысушылар шығарма мазмұнына тоқталып, басты кейіпкер Ләйлә бейнесі арқылы адамзаттық қасірет пен рухани төзімділік мәселелерін талқылады. Шығармадағы Семей ядролық полигонының зардабы, бейбіт өмірдің құндылығы, адам мен қоғам жауапкершілігі туралы пікірлер айтылды. Оқырмандар әсерлі үзінділер оқып, өз ойларымен бөлісті. Пікірталас бөлімінде қатысушылар шығарма тақырыбының бүгінгі күнмен сабақтастығын атап өтті. Шара ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, көркем шығарманы терең түсінуге және адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге ықпал етті.







