Ұлт таңдауы–100 кітап
«Ұлт таңдауы–100 кітап» жобасы – ұлттық әдеби мұраны дәріптеу, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған маңызды бастама.
Жоба аясында халқымыздың рухани құндылығына айналған ең таңдаулы шығармалар іріктеліп, оқырман назарына ұсынылуда. Сол асыл мұралардың бірі – қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбаев шығармаларын №5 кітапхананың кітапханашысы Сынасапова Күлайша Жұмашқызы таныстырды.
Абайдың 45 қара сөзі – терең философиялық толғанысқа құрылған ғибратты мұра. Ақын бұл еңбектерінде халықты білімге, еңбекке, адамгершілікке шақырып, ел ішіндегі жалқаулық, надандық, рушылдық сияқты кемшіліктерді сынға алады. Оның «Толық адам» ілімі – ақыл, қайрат, жүрек бірлігін насихаттайтын өмірлік ұстаным.
Абайдың өлеңдері – қазақ жазба әдебиетінің жаңа белесі. Ақын табиғат сұлулығын, махаббат сезімін, ел тағдырын жырлай отырып, жастарды ғылым-білімге, адал еңбекке үндейді. Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған рухани қазына болып табылады.
Абай мұрасы – ұлттық руханиятымыздың темірқазығы. Ұлы ойшыл еңбектерін оқу – әрбір ұрпақтың рухани кемелдену жолындағы маңызды қадам.







