Жүректі тербеген әуен
№17 кітапхана Қызылжарма ауылдық мәдениет Үйімен бірлесіп, қазақтың көрнекті сазгері, ұстаз, музыкалық өнер саласының шебері, Тәңірберген Қалауовтың 90 жылдығына орай «Жүректі тербеген әуен» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Шараға Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің «Ұлт-аспаптар» бөлімі домбыра класының мұғалімі Смағамбетова Ақзауре Қалжанқызы қатысып, композитордың отбасы жайлы жылы естеліктер мен өмір жолы, шығармашылығы туралы айтып, сазгердің туған жерге деген сүйіспеншілік пен сағынышты бейнелейтін, Қызылорда өңірінің символына айналған әндердің бірі «Қызылорда вальсі» әуенінің шығу тарихына ерекше тоқталып өтті.
Кеш барысында Ақзауре Қалжанқызынан дәстүрге сай қонақкәде сұралып, ол домбыраның қоңыр үнімен бірнеше күй орындап, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар, «Қуаныш» әжелер ансамблінің орындауында «Қызылорда вальсі» шырқалып, Қызылжарма мәдениет Үйінің өнерпаздары әсем әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Сыр вальсіне жан бітірген сазгер» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды.







