«Бақ-берекем, құт-берекем – Әз Наурыз»
Қалалық жүйеге қарасты №13 балалар кітапханасы №2 «Бөбек» санаториялық бөбекжай-бақшасында 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай «Бақ-берекем, құт-берекем – Әз Наурыз» атты мерекелік кеш өтті.
Шараның мақсаты – ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттау. Бүлдіршіндердің өнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Мерекелік шара барысында қазақтың салт-дәстүрі насихатталып, тұсаукесер рәсімінен көрініс көрсетіліп, ұлттық тәрбиенің маңызы түсіндірілді. Бүлдіршіндер Наурыз мерекесіне арналған өлеңдерді мәнерлеп оқып, ұлттық рухты дәріптеді. Қазақы ұлттық киіммен «Мың бұрала» биі және «Арғымақ жігіттер» биі орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шара аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, «Қол күрес» жарысы өткізілді. Балалар хоры «Наурыз-ай» әнін орындап, мерекенің сәнін келтірді. Сондай-ақ көкпар ойыны сахналанып, ұлттық дәстүрлер кеңінен насихатталды. Мерекенің көркін қыздырған ерекше бөлімдердің бірі – ұлттық киімдер шеруі болды. Бүлдіршіндер қазақтың әсем ұлттық киімдерін киіп, сахна төрінде сән-салтанатымен жүріп өтті. Мереке барысында ата-аналар ортаға шығып, қазақтың ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектердің мағынасын түсіндірді. Экран арқылы түрлі ою-өрнектер көрсетіліп, олардың тәрбиелік мәні кеңінен таныстырылды. Шара соңында бүлдіршіндердің ата-әжелері ақ тілектерін білдіріп, ақ баталарын беріп, мерекелік кешті қорытындылады.







