«Күй анасы Дина»
№20 кітапханада қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай «Күй анасы Дина» атты өнер сағаты өтті.
Дина Кенжеқызы Нұрпейісова 1861 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, «Бекетай құмы» деген жерде дүниеге келген. Әкесі Кенже Шалұлы жас кезінде палуан әрі домбырашы болған. Ол қызына кішкентай кезінен бастап домбыра тартудың қыр-сырын үйретеді.
Қаршадайынан күй өнерін тез меңгерген Дина Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сынды күйшілердің шығармаларын шебер орындаған. Сол себепті ел ішінде «Домбырашы қыз» атанып, кеңінен танылады. Ол кезде Дина небәрі 8–9 жаста еді.
Дина Нұрпейісова тек белгілі күйлерді орындап қана қоймай, өзі де көптеген күйлер шығарған. Бойжеткен шағында ұлы күйші Құрманғазы оған батасын беріп, домбырасын сыйлағаны белгілі.
Бүгінде Дина күйлері жас ұрпақтың орындауында жаңғырып, ұлттық өнерімізді насихаттауда ерекше орын алып келеді.







