Жақсы көңіл күйдің құпиясы
А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада 1 сәуір – Халықаралық күлкі күніне орай «Жақсы көңіл күйдің құпиясы» атты мерекелік кеш өтті. Шараға «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің студенттері қатысты.
Кештің құрметті қонағы – жазушы, журналист, әдебиеттанушы ғалым, белгілі сатирик Нұрлан Көбегенұлы болды.
Іс-шара барысында Нұрлан Көбегенұлы өз шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелеп, сатира жанрының қоғамдағы рөлі мен күлкінің адам өміріндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар, қатысушылармен еркін сұхбат жүргізіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Кеш аясында автордың әзіл-сықақ шығармаларынан үзінділер оқылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында түрлі қызықты ойындар мен көңілді викториналар ұйымдастырылды. Ойын барысында студенттер тапқырлық танытып, ерекше белсенділік көрсетті.
Шараның мақсаты – жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау, сатира жанры арқылы ой салу және мәдени-рухани құндылықтарды насихаттау.
Кеш соңында қатысушылар қонаққа алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.







