«Алып күш иесі – Қажымұқан»
№10 кітапханада қазақ халқының мақтанышы, әлемге танылған тұңғыш кәсіби балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығына орай «Алып күш иесі – Қажымұқан» атты танымдық сағат ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыру және Қажымұқанның өмірі мен ерлікке толы жолын үлгі ету.
Шара барысында Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы, спорттағы жетістіктері және ел үшін атқарған еңбегі туралы жан-жақты мәлімет берілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында халыққа қолдау көрсету мақсатында өнер көрсетіп, жиналған қаражатқа ұшақ жасатқандығы туралы тағылымды деректер айтылды. Бұл оның тек спорт шебері ғана емес, елін сүйген нағыз патриот тұлға екенін айқын дәлелдейді.
Тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Күш атасы», Әбділда Бүркітбаевтың «Қажымұқан» еңбегі, «Қажымұқан ұрпақтары» атты кітаптар мен энциклопедиялық басылымдар насихатталды.







