«Мейірбике – мерейлі мамандық»
№1 кітапханада 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күніне орай «Мейірбике – мерейлі мамандық» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Аталған шараға №4 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі, дәрігер Нұргүл Асқарова, аймақ мейірбикелері Гүлмира Бекішева мен Балнұр Күмісбай, «Болашақ» жоғары медицина колледжінің студенттері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – мерекелік күннің маңызын таныту, орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби беделін арттыру, жастардың медицина саласына деген қызығушылығы мен ынтасын ояту.
Шара барысында қонақтар мейірбике мамандығының қоғамдағы ерекше орны, дәрігердің сенімді көмекшісі әрі науқас денсаулығына тікелей жауапты маман ретіндегі қызметінің маңыздылығы туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар мамандықтың қызығы мен қиындығы, адам өміріне араша болудағы жауапкершілігі жайында ой бөлісіп, болашақ медицина мамандарына ізгі тілектерін жеткізді. Студенттер көкейлеріндегі сауалдарын қойып, мамандардың кәсіби тәжірибесімен танысты. Медицина саласына қатысты әдебиеттер көрмесін тамашалап, тағылымды мәлімет алды.







