«Біз бақытты баламыз»
№12 кітапханада 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Аталған шараға Оқушылар сарайы және «Юником» өнер орталығы өнерпаздары, №5 И.В.Панфилов атындағы мектептің оқушылары және кітапхананың белсенді оқырмандары қатысты.
Шараның мақсаты – Балаларды қорғау күні мерекесінің маңызын насихаттау, жас ұрпаққа шаттық сыйлау, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және кітап оқуға баулу.
Іс-шара барысында балалар әдебиетіне арналған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, жас өнерпаздардың қатысуымен әсерлі концерттік бағдарлама өткізілді. Балалар тақпақ оқып, ән шырқап, мың бұрала би билеп, күй орындап, өздерінің шығармашылық қабілетін паш етті. Көрермендер жас таланттардың өнеріне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Сонымен қатар, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының қолдауымен бүлдіршіндерге балмұздақ таратылып, мерекелік сый жасалды. Бұл тосынсый балалардың қуанышын еселеп, мерекенің сәнін арттыра түсті.
Балалар күлкісі мен шаттыққа толы мереке бүлдіршіндердің жүрегінде жарқын естелік болып сақталары сөзсіз.







