«Балауса бағым – шаттық пен қуаныш ордасы»
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай №7 кітапхана мен №179 А.Хангелдин атындағы орта мектеп жанынан құрылған «Айгөлек» жазғы лагерінің ұйымдастыруымен «Балауса бағым – шаттық пен қуаныш ордасы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Шара барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қалиева Афура балаларды мерекемен құттықтап, 1 маусым – Балаларды қорғау күні 1950 жылдан бері бүкіл әлемде аталып келе жатқанын атап өтті. Өз сөзінде бала – ұлттың жарқын болашағы, ел ертеңі екенін айтып, олардың құқықтарын қорғау мен бақытты балалық шақ сыйлау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ерекше жеткізді.
Мерекелік бағдарлама аясында жас оқырмандар ән шырқап, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Балалардың қатысуымен ұйымдастырылған концерттік кеш көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің шырайын аша түсті. Сонымен қатар, балаларға балмұздақ таратылып, ерекше қуаныш сыйлады. Ертегілер оқылып, бүлдіршіндердің рухани дүниесін байытып, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мазмұнды жұмыстар жүргізілді.
Шараның мақсаты – кітаптың мәртебесін көтеру, кітапхананың бала өміріндегі сенімді дос әрі білім мен тәрбиенің алтын қазығы екенін ұғындыру. Осындай тағылымды іс-шара арқылы жас ұрпақтың кітапқа сүйіспеншілігін арттырып, олардың шығармашылық және рухани дамуына қолдау көрсету көзделді.







