«Біз бақытты баламыз»
№19 кітапхана 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай №6 «Балбұлақ» балабақшасының бірлесіп «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік іс-шара өтті.
Шараның мақсаты – балалар құқықтарын қорғау, бақытты балалық шағын қамтамасыз ету, қауіпсіз өмір сүруінің маңызын насихаттау және бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау.
Мерекелік кешті балабақша меңгерушісі Нұртасова Гүлзада ашып, бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтап, жарқын болашақ, зор денсаулық пен бақыт тіледі. Өз сөзінде балалардың қоғамдағы ең қымбат қазына, елдің ертеңі екенін атап өтті.
Іс-шара барысында балаларды ерекше қуанышқа бөлеген анимациялық кейіпкерлер қызықты ойындар ұйымдастырды. Түрлі сайыстарға белсене қатысқан бүлдіршіндер шаттыққа кенеліп, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған әсерлі сәттерге куә болды. Олардың жарқын жүздері мен шат күлкісі мерекенің сәнін келтіріп, кештің шырайын аша түсті. Кішкентай өнерпаздардың өнеріне ата-аналар мен қонақтар ризашылықтарын білдіріп, ыстық ықыластарын жеткізді.
Кеш соңында бүлдіршіндерге балмұздақтар таратылды.







