"Балалық шақ-бақыт мекені"
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық демалыс паркінде мерекелік мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Балалар мерекесіне арналған шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Іс-шара барысында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жас өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бағдарлама патриоттық рухтағы «Алға, Қазақстан!» әнімен басталып, «Қазағым-ай», «Ауа райы», «Бала тілегі», «Әжемнің шайы» әндерімен жалғасты.
Сондай-ақ жас оқырмандар «Үш бақытым», «Жазғы тұрым», «Мерейлі отбасы», «Отан» атты өлеңдерді мәнерлеп оқып, туған жерге, отбасыға және Отанға деген сүйіспеншіліктерін әсерлі жеткізді.
Кештің көркін қыздырған «Испан биі» көрермендердің ерекше қошеметіне ие болып, мерекелік бағдарламаның шырайын аша түсті.
Шара соңында мерекелік бағдарламаның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, өнер көрсеткен жас қатысушылар Қалалық кітапханалар жүйесінің Алғыс хаттарымен марапатталды.







